04 Маусым, 2016

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы  №302

609 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін
2016 жылғы 24 мамыр, Астана, Үкімет Үйі Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілсін. 2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын. 3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 24 мамырдағы №302 қаулысымен бекітілген Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы Осы Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы (бұдан әрі – Алматы агломерациясының өңіраралық схемасы) Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негізгі ережелерін бекіту туралы» 2013 жылғы 30 желтоқсандағы № 1434 (бұдан әрі – Бас схеманың негізгі ережелері) және «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы» 2014 жылғы 28 маусымдағы № 728 (бұдан әрі – Өңірлерді дамыту бағдарламасы) қаулыларын іске асыру шеңберінде әзірленді. Алматы агломерациясының өңіраралық схемасы Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына, аумақты ұйымдастырудың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес әзірленді. Алматы агломерациясының өңіраралық схемасы аумақты дамыту перспективаларын және оның инфрақұрылымға ұзақ мерзімді қажеттілігін айқындайтын қала құрылысы стратегиясы болып табылады. Алматы агломерациясының өңіраралық схемасы ережелерін іске асыру кезектілігі, қаржыландыру көздері және көлемі бюджеттік мүмкіндіктер ескеріле отырып, салалық бағдарламалар және аумақтарды дамыту бағдарламалары деңгейінде айқындалады. Алматы агломерациясының өңіраралық схемасының негізгі міндеттері: 1) Алматы агломерациясының шекараларын айқындау; 2) агломерацияны дамытудың оңтайлы бағыттарын қалыптастыру мақсатында аумақтың шекарасына кіретін әкімшілік-аумақтық бірліктердің мүдделерін ескере отырып, жобаланатын аумақтың ұтымды жоспарлы ұйымдастырылуын айқындау; 3) аумақты функционалдық аймақтарға бөлу, халықты қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру жүйесін жетілдіру, инженерлік, көліктік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұ­­ры­лымды дамыту, аумақтарды қауіпті техногендік және табиғи процестерден қорғау, аумақтың эколо­гиялық ахуалын жақсарту және қоршаған ортаны қорғау жөнінде негізді ұсыныстар кешенін әзірлеу. Алматы агломерациясының өңіраралық схемасы Алматы агломерациясы аумағын аралық (2020 жыл) және есептік (2030 жыл) жобалау мерзімдеріне қала құрылысын перспективалы дамытудың жоба­лық ұсыныстарын қамтиды. Алматы агломерациясының өңіраралық схемасының негізгі техникалық-эко­но­микалық көрсеткіштері осы Алматы агломерациясының өңіраралық схемасына 1-қосымшада келтірілген. Алматы агломерациясын ұзақ мерзімді дамытудың жобалық ұсыныстары осы Алматы агломерациясының өңіраралық схемасына 2 – 14-қосымшаларда келтірілген. 1. Аумақты аймақтарға бөлу, қала құрылысын игеру және дамыту Аумақты қала құрылысын игеру және дамыту Алматы агломерациясының ықпал ету аймағына мыналар кіреді: агломерацияның орталығы (өзегі) – Алматы қаласы, Алматы облысының Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ және Жамбыл– бес әкімшілік ауданының бөліктері, сондай-ақ Қапшағай қалалық әкімшілігінің аумағы. Ықпал ету аймағының аумағы қала және қала маңы аймағының неғұрлым тығыз байланысынан айқын­да­лып, қалыптасқан серіктес қалалардың: Қапшағай, Қаскелең, Талғар, Есік қалаларының, Ұзынағаш ауы­лының, Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауындағы демалыс аймақтарының орналасуын ескереді. Алматы агломерациясының шығыс шекарасы Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (бұдан әрі – Іле Алатауы МҰТП) аумағының солтүстік-шығыс бөлігінен басталып, одан әрі солтүстік бағытта Көктөбе, Түрген, Қаракемер, Евгенемаловодненск, Ақши ауылдық округтерінің шығыс шекаралары бойымен Еңбекшіқазақ ауданы аумағының бөлігін қамтиды. Солтүстік шекарасы Қапшағай су қоймасының оңтүстік жағалауы бойымен өтеді және Шеңгелді ауылдық округінің оңтүстік-батыс бөлігін, Қапшағай қаласының аумағы кіретін Қапшағай су қоймасының батыс бөлігін қамтиды, одан әрі Іле ауданының Жетіген ауылдық округінің батыс шекарасы бойымен өтіп, Сорбұлақ көлінің солтүстігінен айналып өтеді. Батыс шекарасы Сорбұлақ көлінің солтүстігінен басталып, Іле ауданы аумағының оңтүстік бөлігін қамтиды, одан әрі Мыңбаев, Таран, Қарасу ауылдық округтерінің батыс шекаралары бойымен Жамбыл ауданының аумағынан өтеді. Оңтүстік шекарасы Жамбыл ауданының Қарғалы ауылдық округінің оңтүстік-батыс шекарасынан басталып, одан әрі батыс бағытта Қарасай ауданының оңтүстік шекарасынан өтеді және Іле Алатауы МҰТП аумағының солтүстік бөлігін қамтиды. Алматы агломерациясының шекарасы шеңберінде халықтың қоныстануы ендік бағытта, табиғи қалыптасқан серіктес қалалары бар неғұрлым урбандалған және тығыз қоныстандырылған аумақта, Іле Алатауының бөктері бойында қалыптасты. Республикалық маңызы бар Алматы-Қапшағай автомобиль тасжолы бойында солтүстік меридионалды бағыт қалыптасады, онда Өтеген батыр ауылы және Жетіген ауылы сияқты ірі көліктік логистикалық түйіндер орналасқан. Қапшағай су қоймасының батыс жағалауында қалалық демалыс аймағы бар Қапшағай қаласы орналасқан. Агломерацияның елді мекендерінің тұрақты еңбек, мәдени-тұрмыстық және рекреациялық байланыстары бар. Агломерация жерінің жалпы ауданы 939,5 мың га құрайды. Агломерация аймағына Алматы облысының 188 елді мекені және Алматы қаласы кіреді. Алматы агломерациясына кіретін Алматы облысы елді мекендерінің тізбесі осы Алматы агломерациясының өңіраралық схемасына 15-қосымшада берілген. Алматы агломерациясының шекаралары оны жеке әкімшілік орталық етіп бөлмейді және қалып­тасқан әкімшілік бөліністі және аумақтарды басқаруды бұзбайды. Агломерация құрамындағы Алматы облысының әкімшілік аудандары мен елді мекендерінің жерлері Алматы облысы әкімдігінің қарауында. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 6-1) тармақшасына сәйкес аумақтың қала құрылысын игерудің және дамытудың тиісті нормалары мен қағидаларын белгілей отырып, Алматы агломерациясының аумағы ерекше реттелетін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мен қала құрылысы регламентациясының аумақтық объектілеріне жатады. Аумақтың қала құрылысын игеру және дамыту нысаналы мақсаты және шаруашылық пайдаланылуы (ауыл шаруашылығы, рекреациялық, табиғатты қорғау, өнеркәсіп және құрылыс қызметін жүргізудің құндылығы мен орындылығы өлшемшарттарына сәйкес) бойынша аумақты функционалдық аймақтарға бөлу нақты сақтала отырып, жүзеге асырылуы тиіс. Алматы агломерациясының құрамына кіретін елді мекендер аумағының қала құрылысын игеруді, дамытуды және аймаққа бөлуді реттеу Алматы қаласының және Алматы облысы елді мекендерінің бекітілген бас жоспарларында көзделген. Жоспарланатын аумақты аймақтарға бөлу Аумақты функционалдық аймақтарға бөлу – бұл белгіленген аймақтардың мақсаттары мен пайдалану режимдерін анықтай отырып, аумақты мақсаты бойынша бөлу. Бас схеманың негізгі ережелерінің 5-бөліміне сәйкес функционалдық аймақтар 4 негізгі топқа бөлінді: 1) қарқынды шаруашылық және қала құрылыстық игеру және табиғи ортаны барынша жол берілетін жасанды түрлендіру аймақтары; 2) қоршаған табиғи ортаны экстенсивті игеру аймақтары; 3) шаруашылық игерілуі шектелетін және қоршаған ортасы барынша сақталатын аймақтар; 4) шаруашылық қызметтің ерекше регламенттері бар аймақтар. Жоғарыда аталған әрбір аймақтың құрамында тиісті кіші аймақтар белгіленді. 1. Қарқынды шаруашылық және қала құрылыстық игеру және табиғи ортаны барынша жол берілетін жасанды түрлендіру аймақтары Қоныстандырудың кіші аймағы Алматы агломерациясы жоспарлау орталықтарын: Қаскелең, Қапшағай, Талғар, Есік қалаларын, Ұзынағаш, Жетіген, Өтеген батыр ауылдарын қамтитын Жетісу урбандалған аймағына жатады. Есептік жобалау мерзімінде Алматы қаласын есепке алғандағы қалалардың жалпы көлемі 117 138,9 га, ауылдық елді мекендердің жалпы көлемі 79 917,8 га құрайды. Алматы агломерациясының аумағы ерекше қала құрылысын реттеу аймағында орналасқан, ол үшін «Сейсмикалық аудандардағы құрылыс» 2.03-30-2006 Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен қағидаларына (бұдан әрі – ҚРҚНжҚ), «Алматы қаласы мен оған іргелес аумақтарға сейсмикалық микроаудандастыруды ескере отырып құрылыс салу» 2.03-07-2001 Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына (бұдан әрі – ҚР ҚН), «Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және құрылыстарын салу» 3.01-01-2008 ҚР ҚНжҚ сәйкес сәулет-қала құрылысы қызметі мақсаттарына арналған жоспарлық шектеулер мен регламенттер белгіленді. Алматы қаласының дамуын, оның ішінде серіктес қалаларды және контрмагнит-қалаларды дамыту есебінен аумақтық шектеу – агломерациядағы қоныстандырудың кіші аймақтарының аумағын дамытудың негізгі қағидаты болып табылады. Алматы қаласында жаңа өнеркәсіптік құрылысты тоқтату, қолданыстағы өндірістердің бір бөлігін қала шегінен тыс жерлерге шығару, сондай-ақ бұрыннан бар қоныстанған жерлерді реконструкциялау және қоршаған ортаны сауықтыру бойынша іс-шаралар жүргізу болжанады. Өндірістік және логистикалық кіші аймақтар Агломерация аумағындағы өндірістік және логистикалық аймақтар Алматы қаласынан шығарылатын өнеркәсіптік және қоймалық кәсіпорындарды көшіруге арналған, өйткені олардың орналасуы қалыптасқан құрылыс салу жағдайында санитариялық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Инновациялық технологиялар парктерін және өнеркәсіптік аймақтарды орналастыруға арналған перспективалы аумақтардың ауданы 3482 га құрайды. Көліктік-коммуникациялық дәліздердің кіші аймағы Автомобиль жолдарының кіші аймағы Қалыптасқан көліктік-коммуникациялық дәліздер Алматы агломерациясын кеңістікте дамытудың жоспарлы осьтерінің өтуін айқындап берді. Негізгі көліктік дәліздер бойынша 25 километрлік аймақ (қоныстандыру үшін біршама қолайлы аумақ) шекарасында Алматы агломерациясының елді мекендерінің тірек желісімен және перспективалық көлік қаңқасымен өзара байланысты қоныстандыру «дәліздері», қала құрылысының құндылығы жоғары аймақтар айқындалды. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары жерлерінің жобалық алаңдары «Автомобиль жолдары үшін жер кесіп беру нормалары» ҚР ҚН 3.03-02-2001 сәйкес белгіленді (1.1-кесте). 1.1-кесте. Жолдарға бөлінген белдеулердің ені Жолдың санаты Қозғалыс белдеуінің саны Ашылған шұңқырдың тереңдігі 1 метрге дейін болғанда автомобиль жолдарына бөлінген жерлер белдеулерінің ені,м I 6 40 I 4 33 II 2 20 III 2 17 IV 2 15 V 1 13 Ескертпе: Сыртқы құлама жаңғыртылуы тиіс және олардың көлемдерін уақытша кесіп беруге жатқызу керек. Аталған аумақтар мемлекеттік және қоғамдық мүдде аймақтары болып табылады. Автомобиль көлігі аймақтары шегінде учаскелерге меншік немесе иелік ету құқығының болуы негізгі функционалдық мақсатын немесе шартты-рұқсат етілген қызмет түрлерін қоспағанда, оларды кез келген басқа мақсаттарда пайдалану үшін негіздеме болып табылмайды. Теміржолдардың кіші аймағы Алматы облысы трансшекаралық өңір болып табылады, өйткені батыста Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Алматы агломерациясы шеңберінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі (аттас автомобиль жолымен қатар өтетін «Жетіген – Қорғас» теміржол тармағы) өтеді. Агло­мерация шегіндегі «Қорғас – Жетіген – Ақсеңгір» теміржол учаскесінің ұзындығы 135 км құрайды. «Темір жолдарға арналған жер кесіп берудің нормалары» 3.03-17-2001 ҚР ҚН сәйкес теміржол құрылыстарының сақталуын, орнықтылығын, беріктігін және жылжымалы құрамның қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар теміржолдарды беру белдеуіне кірмейтін теміржолдардың бақыланатын аймақтарын белгілейді: 1) елді мекендердің шегінен тыс – теміржолдарды ұсыну алабынан екі жаққа 50 метр қашықтықта; 2) елді мекендерде – теміржолдарды ұсыну алабынан екі жаққа 20 метр қашықтықта. Энергетика тораптарының кіші аймағы Энергетика тораптарының аймақтарына энергетикалық инфрақұрылым, оның ішінде электр станциялары, электр беру желілері, қосалқы станциялар, үлестіру пунктері және басқа да электр желісі шаруашылығы орналасқан аумақтар жатады. Энергетика тораптары аумағына санитариялық қағидаларда көзделген қорғау аймақтары жатқызылды: 1) 220 кВ кернеулі әуе желісі (бұдан әрі – ӘЖ) үшін – 20 м; 2) 500 кВ кернеулі ӘЖ үшін – 30 м; 3) 750 кВ кернеулі ӘЖ үшін – 40 м; 4) 1150 кВ кернеулі ӘЖ үшін – 55 м. Сумен жабдықтау және кәріз желілері мен көздерінің кіші аймақтары Алматы агломерациясының жобаланатын су құбыры желілері мен су таратқыштарының жалпы ұзындығы 6061,2 км құрайды. Алматы агломерациясының жобаланатын кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 1792,4 км құрайды. Құрылыс салынбаған аумақтардан өтетін су таратқыштардың санитариялық-қорғаныш белдеулерінің енін шеткі су таратқыштардан бастап қабылдау керек: құрғақ топырақта салғанда – диаметрі 1000 мм дейін болғанда 10 м-ден кем емес және диаметрі үлкен болғанда 20 м-ден кем емес; ылғалды топырақта – диаметрге байланыссыз 50 м-ден кем емес. 2. Қоршаған табиғи ортаны экстенсивті игеру аймақтары Ауыл шаруашылығы өндірісін басымдықпен дамыту аймағы Алматы төңірегіндегі көлемді аумақтарды алып жатыр және бірқатар кіші аймақтарға бөлінеді: 1) егін шаруашылығы (егістіктер); 2) мал шаруашылығы (жайылымдар); 3) өсімдік шаруашылығы (бақтар, жүзімдіктер және өзге екпелер); 4) ұжымдық бақтар мен саяжайлар. Егін шаруашылығы (егістіктер) кіші аймағы, негізінен, алқап бөлігінде орналасқан және көлемді аумақтарды алып жатыр. Кіші аймақты дамыту ауыл шаруашылық дақылдарын суару мақсатында аумақты суландырумен тығыз байланысты. Жерлерді суару үшін шағын өзендер арнасындағы көптеген гидротехникалық құрылыстар, оның ішінде су жиналатын тоғандар және арық жүйесі пайдаланылады. Мал шаруашылығы (жайылымдар) кіші аймағы, негізінен, егін шаруашылығы кіші аймағының ендік периметрі бойында орналасқан, өзендер бойындағы жыра-сайлар, тау бөктері мен таулы аймақтар, егін шаруашылығына жарамсыздау жерлер (күрделі жер бедері бар төңірек, шөлейт жерлер және т.б.) жиі пайдаланылады. Ауқымды жайылымдар аумағы агломерацияның оңтүстік-батыс, солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Бақтар, жүзімдіктер және өзге екпелер кіші аймағы көп жылдық екпелерге жатқызылады, ша­ғын аумақ­тарды алып жатыр, негізінен, агломерацияның тау бөктерінде және тау бөлігінде шоғырланған. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес көп жылдық екпелер жемiс-жидек, тех­ни­калық және дәрi-дәрмек өнiмдерiнiң түсiмiн алуға, сондай-ақ аумақты сәндеп безендiруге арналған. Ұжымдық бақтар мен саяжайлар кіші аймағы, негізінен, Алматы, Талғар, Есік, Қаскелең қалалары, Түрген ауылы және басқа ірі ауылдар мен кенттер төңірегіндегі шағын аумақтарды алып жатыр. Агломерацияның солтүстік бөлігіндегі республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» автожолының бойында (шығыс және батыс жағы) ұжымдық бақтар мен саяжайлар Байсерке және Жаңалық ауылдары арасында орналасқан. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 102-бабының 1-тармағына сәйкес жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, бағбандықпен айналысуға және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, ауылдық елдi мекендердiң жерiнен және қор жерлерінен берiледi. Жерлердің мелиоративтік жағдайының нашарлауына алып келетін жер суару және құрғату жүйесінің айтарлықтай тозуына және істен шығуына байланысты суарылатын жерлерді толық пайдаланбау және егін­дік жерлердің тозуы ауыл шаруашылығын мақсатындағы жерлердің негізгі проблемалары болып табылады. Ауыл шаруашылығының тиімділігі жерлерді мелиорациялау және суландыру бойынша өткізілетін іс-шараларға тікелей байланысты болады. Осыған орай суарылатын жерлердің сапалық жай-күйін қалпында ұстау жөніндегі мемлекеттік саясат кешенді түрде және ауыл шаруашылығындағы басқа іс-шаралармен тығыз өзара байланыста әзірленіп, жүргізілуі тиіс. Топырақтың қарашірік күйін қалпына келтіру және ұстап тұру үшін органикалық тыңайтқыштарды себу, дақылдардың бірнеше түрін егу және шөптер еге отырып ауыспалы егісті енгізу, топыраққа органикалық қалдықтарды барынша қайтару және топырақтың биологиялық белсенділігін сақтау қажет. Сонымен қатар, атмосфералық ылғалды барынша пайдалану, қар жинақтау және ылғалды ұстап қалу жөніндегі іс-шараларды жүргізу қажет. Алматы агломерациясының ауыл шаруашылығы жерлерінде топырақтың одан әрі деградациясының алдын алу үшін эрозияға қарсы агротехникалық іс-шараларды қолдану, беткі қабаттың еңісіне қарай ылдиға көлденеңінен өңдеу жүргізу, терең қопсыту, дақылдарды жолақпен егу, егін қорғайтын орман алқаптарын жасау, органикалық және минералды тыңайтқыштардың артық мөлшерлерін енгізу қажет. Алматы қаласының егіндік және табиғи жерлерінің көлемін деградациялық процестерді болдырмау, жасыл екпелерді сақтау және көбейту үшін бүкіл аумақта бейімделген-ландшафттық тәсілді енгізу шартымен өзгеріссіз қалдыру ұсынылады. Мал шаруашылығы жайылымын дамыту перспективасына байланысты Жамбыл, Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының қордағы жерлері санатынан аралық (2020 жыл) және есептік (2030 жыл) жобалау мерзімдеріне қарай жайылымдарды ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ауыстыру немесе шалғайдағы жайылымдар ретінде пайдалану қажет. Жайылымдық жерлерде дефляцияға қарсы іс-шаралар жүргізу қажет. Жайылымдарда шамадан тыс мал жаю мен жайылымның тапталуына жол берілмеуі қажет. Жайылымдардағы дефляциямен күрестің негізгі шаралары мал жаюды қатаң нормалау (әсіресе көктем кезінде), өсімдіктерді жою мен топырақ құрылымын тозаңға айналдыруға жол бермеу, шөп егу (эспарцет, еркекшөп, жоңышқа) болып табылады. Бас схеманың негізгі ережелеріне сәйкес аталған кіші аймақта бейіндік салаларды дамытумен байланысты емес мақсаттарға ауыл шаруашылығы жерлерінің барлық түрлерін алып қоюға шектеу қою ұсынылған. Мұнда шаруашылықтың негізгі түрлерін дамыту жағдайларына кері әсер етуші өндірістік қызметтің барлық түрлеріне (атмосфераны ластау, селдер, топырақтың тозуы және тұздануы) барынша шектеу қойылады. Пайдалану режимі топырақ қабатының бұзылуына, жерасты суларының ластануына жол бермейді. Топырақты мелиорациялау немесе суландыру іс-шаралары көзделген. Алматы агломерациясының шекарасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 473878,7 га құрайды. Есептік жобалау мерзімінде тыңайған жерлер мен қордағы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту есебінен ауыл шаруашылығы жерлерін 482 986,3 га дейін өсіру көзделеді. 3.Шаруашылық игерілуі шектелетін және қоршаған ортасы барынша сақталатын аймақтар Шаруашылық игерілуі шектелетін және қоршаған ортасы барынша сақталатын аймақтарға мынадай кіші аймақтар енгізілген: 1) ұзақ уақыт демалу, санаторийлік-курорттық қызмет ареалын қамтитын рекреациялық басымдықпен пайдаланылатын аумақтар; 2) қорықтардың, қаумалдардың, табиғат ескерткіштерінің аумақтарын қамтитын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар; 3) тарихи ескерткіштер мен құрылыстар орналасқан аумақтар; 4) саябақ аймақтары. Табиғи немесе мәдени ландшафтқа айтарлықтай зиян келтіре алатын өнеркәсіптік немесе ауыл шаруашылығы өндірістерін, табиғи ресурстарды пайдаланудың басқа түрлерін дамытуға және орналастыруға жол бермейтін режимді орнату –шаруашылық игерілуі шектелетін аумақтарды пайдаланудың негізгі қағидаты болып табылады. Ұзақ уақыт демалу, санаторийлік-курорттық қызмет ареалын қамтитын басым рекреациялық пайдалану аумақтары Таулы табиғи-ландшафттық рекреациялық кіші аймақ Іле Алатауы – Тянь-Шаньның солтүстік-батысындағы тау жотасы 43º с.ш. бойымен 360 км созылып жатыр. Негізгі биіктігі – 4000 – 4600 м, биік нүктесі – Талғар шыңы (4973 – 4979 м). Оның биіктігі 4500 м асатын 22 шыңы бар. Негізінен, мұздан пайда болған көптеген көлдері бар. Іле Алатауындағы ең ірі және белгілі көлдер Үлкен Алматы көлі және Есік көлі болып табылады. Биік таулы бедер басым. Іле Алатауы мұздығынан Талғар, Түрген, Шілік және Қаскелең сияқты көптеген өзендер бастау алады, оларға Шамалған, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы қосылады. Таулы табиғи-ландшафттық рекреациялық кіші аймақ Іле Алатауы МҰТП аумағын қамтиды, оның қала құрылысы және шаруашылық мақсатында игерілуі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар Ерекше құнды табиғи кешендерді қорғау және сақтау, қорғалатын аумақты басқару жоспарларында көзделген қалпына келтіру іс-шаралары, ғылыми және экологиялық-ағартушылық қызмет «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41 және 42-баптарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Агломерация аумағында Алматы мемлекеттік қорығын, Іле Алатауы МҰТП,«Медеу мемлекеттік өңірлік табиғат паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесін (бұдан әрі – «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғат паркі) қоса алғанда,ұлттық табиғи парктер және ерекше қорғалатын объектілер орналасқан. Бірегей ландшафтар, табиғи кешендер, Іле Алатауындағы флора мен фаунаның сирек кездесетін, жойылып бара жатқан түрлері, табиғи шоқ тоғайлар, альпілік шалғындар мен көлдер қорғау объектілері болып табылады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (бұдан әрі – ЕҚТА) сақтау мен дамытудың негізгі бағыттары Алматы агломерациясы аумағында табиғи кешен объектілерін барынша сақтауды және көбейтуді, сондай-ақ ЕҚТА-ны 2020 жылға қарай – 28853 га және 2030 жылға қарай – 164956 га бір санаттан басқа алаңға ауыстыруды көздейді. Тарихи ескерткіштер және құрылыстар орналасқан аумақтар Алматы агломерациясының аумағында көптеген мәдениет және тарих ескерткіштері орналасқан. «Алтын Аймақ Жетісу» этномәдени ландшафт белдеуі аймағы шығыс және батыс бағыттарда, Іле Алатауы таулары баурайының бойымен, Қаскелең қаласы, Үшқоңыр және Ұзынағаш ауылдары аймақтарында меридианды шығыстарымен өтеді. Этномәдени белдеудің солтүстік тармағы меридианды этномәдени ландшафттық саябағы бар Үлкен Алматы өзенінің сағасына шыға отырып, Үлкен Алматы каналының бойынан өтеді. Жібек жолы тасжолының бойындағы негізгі композициялық білігі бар ескерткіштердің біршама шоғырланған жерлерінде этномәдени ландшафттық белдеуді дамыту көзделген. Тарихи ескерткіштер мен құрылыстар орналасқан кіші аймақ аумағында табиғат және мәдениет ескерт­кіштерін қорғауды жүзеге асыру, қалалық және өнеркәсіптік құрылысты шектеу, тарихи ескерт­кіштер мен құрылыстардың эстетикалық келбетін бұзуы мүмкін іс-шаралар өткізуге жол бермеу қажет. Парк аймақтары Алматы агломерациясының аумағында Есік мемлекеттік дендрологиялық паркін, Іле Алатауы МҰТП, «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғат паркін қоса алғанда, ЕҚТА регламенті қолданылатын парк аймақтары бар. Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту, микроклиматын жақсарту, биологиялық әралуандылығын арттыру үшін Алматы қаласының айналасында жасыл белдеу жасау ұсынылады. Алматы агломерациясы аумағының бірыңғай жүйесінде агломерация арқылы ағатын шағын өзендер алқаптарының аумақтарын көгалдандыру маңызды рөл атқарады. 2014 жылдың басында орман қорының жерлері: Еңбекшіқазақ ауданында – 82,7 га, Жамбыл ауданында – 7,0 га, Талғар ауданында – 17,9 га, Іле ауданында – 9,1 га, Қарасай ауданында – 44 га, Қапшағай қалалық әкімшілігінде – 320 га құрайды. Орман пайдаланушыларға сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығы мұқтаждары; жанама орман пайдалану үшін мемлекеттік орман қоры жерлерінен құрылыс объектілеріне учаскелерді беру Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Орман қоры жерлерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға арналған басқа санаттардағы жерге ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады. 4. Шаруашылық қызметтің ерекше регламенттері бар аймақтар Бұл санатқа мыналар кіреді: 1) тарихи-мәдени мұра объектілерін (тарих және мәдениет ескерткіштері) қорғау аймақтары; 2) тұрақты радиометрикалық бақылауды қажет ететін, радиоактивтік ластану болуы мүмкін аумақтар; 3) ірі өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының санитариялық зиянды аймақтары; 4) бақтар, батпақтар, пайдалы қазбалар кен орындары; 5) геологиялық ортасы бұзылған аумақтар; 6) төтенше жағдай туындау қаупі бар объектілер (магистральдық газ және/немесе мұнай құбырлары және басқа объектілер) өтетін аумақтар; 7) су қорғау аймақтары. Магистральдық газ құбырларының кіші аймағы Алматы облысының аумағы бойынша магистральдық газ құбырының ұзындығы 422 км құрайды, оның ішінде 123 км агломерация аумағынан өтеді. Трансконтинентальдық газ құбыры Іле, Талғар және Еңбек­­шіқазақ аудандарын ендік бағытта кесіп өтіп, Сорбұлақ және Қапшағай су қоймасынан оңтүстікке қарай өтеді. Алматы агломерациясы аумағының оңтүстік бөлігінде «Бұхара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» газ құбыры өтіп, Алматының батысындағы «Орбита» автоматтандырылған газ үлестіру станциясында аяқталады. Тармақтың саны – 2. Құбырлардың диаметрі 1020 және 530 мм. Газ құбырының қуаты – жылына 8 млрд.3 метр. Алматы агломерациясы аумағында магистральдық газ құбырларының санитариялық-қорғаныш аймақтарының ауданы 65500 га құрайды. Су қорының аумақтары Алматы агломерациясының аумағындағы су қорғау аймақтары және су объектілеріне арналған белдеулер қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес белгіленді. Алматы облысы әкімдігінің 2009 жылғы 12 мамырдағы № 93 қаулысымен Қапшағай су қоймасының су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленді: су қорғау аймағы – 1000 м, су қорғау белдеуі – абсолюттік биіктіктің (су қоймасын толтырудың шекті белгісінің) 479,0 м көлденең сызығынан 100 м. Алматы облысы әкімдігінің 2011 жылғы 21 қарашадағы № 246 қаулысымен су қорғау аймақтары мен белдеулер белгіленді: Үлкен Алматы өзенінің: су қорғау аймағы – 300 м-ден 1000 м-ге дейін; су қорғау белдеуі – 35 метрден 100 метрге дейін; Түрген өзенінің: су қорғау аймағы – 550-1700 м; су қорғау белдеуі – 55-110 м; Ақсай өзенінің: су қорғау аймағы – 500-1000 м; су қорғау белдеуі – 35-100 м; Ащыбұлақ өзенінің: су қорғау аймағы – 500-550 м; су қорғау белдеуі – 60-100 м; Ұзынқарғалы өзенінің: су қорғау аймағы – 500-1000 м; су қорғау белдеуі – 35-100 м; Шамалған өзенінің: су қорғау аймағы – 500-1000 м; су қорғау белдеуі – 35-100 м; Белбұлақ өзенінің: су қорғау аймағы – 500-700 м; су қорғау белдеуі – 35-100 м. «Алматы облысы Талғар ауданының «Akbulak Club Resort» кешені аумағының шегінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін, оларды шаруашылықта пайдалану режимiн белгілеу туралы» Алматы облысы әкімдігінің 2012 жылғы 27 шілдедегі № 241 қаулысына сәйкес су қорғау белдеуінің ені 35 м, су қорғау аймағының ені 500 м құрайды. Әзірленген жобалары жоқ су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулері «Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 19-1/446 бұйрығына сәйкес қабылдануы тиіс: шағын өзендер үшін (ұзындығы 200 км) су қорғау аймағы – 500 м; басқа өзендер үшін: шаруашылыққа пайдаланудың қарапайым жағдайлары мен су жинаудағы қолайлы экологиялық жағдайда – 500 метр; шаруашылыққа пайдаланудың күрделi жағдайлары мен су жинаудағы қауырт экологиялық жағдайда – 1000 метр. 1.2-кесте -Су қорғау белдеулерiнің ең тар енi Су объектiлерi жағалауына іргелес алқаптар түрлерi Дөңдердiң тiк еңiстiгiне қарай су қорғау белдеуiнiң ең тар енi (метр) Жағалаудан еңiстiгi (нөлдiк еңiстік) Жағалауға еңiстiгi 3 градусқа дейiн 3 градустан астам Шабындық 35 55 100 Көгал, пiшендеме 35 50 75 Орман, бұта 35 35 55 Өзгелерi (қолайсыз алқап) 35 35 100 2014 жылдың басындағы жағдай бойынша су қоры жерлерінің көлемі: Еңбекшіқазақ ауданында – 4206 га, Жамбыл ауданында – 610,9 га, Қарасай ауданында – 291 га, Талғар ауданында – 1064 га, Іле ауданында – 9640,2 га, Қапшағай қаласында – 7512,3 га құрайды. Алматы агломерациясының шекарасына кірген Қапшағай су қоймасындағы су айдынының көлемі 31000 га құрайды. Су қорғау аймақтарының шегінде мыналарға: 1) су объектілерінің және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануын және қоқыстануын болдырмайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген жаңа және қайта құрылған объектілерді пайдалануға беруге; 2) келісілген және бекітіліген жобалау құжаттамасы негізінде Алматы қаласы мен Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарымен белгіленген тәртіпте келісілген ғимараттарды, құрылыстарды, коммуникацияларды және басқа объектілерді реконструкциялау, сондай-ақ құрылыс, түбін тереңдету және жарылыс жұмыстарын жүргізу, пайдалы қазбаларды өндіру, кабельдерді, құбырларды және басқа коммуникацияларды тарту, жобасыз бұрғылау, жер және өзге жұмыстарды жүргізуге; 3) тыңайтқыштарды, пестицидтерді, улы химикаттарды және мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды, техникалық қызмет көрсету пункттерін, көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын жуу орындарын, механикалық шеберханаларды орналастыруға және салуға, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтар үйіндісін, аппаратураға пестицидтерді және улы химикаттарды құюға арналған алаңдарды, авиациялық-химиялық жұмыстарды жүргізуге арналған ұшу-қону жолақтарын ұйымдастыру, сондай-ақ судың сапасына кері әсер ететін басқа объектілерді орналастыруға; 4) мал фермалары мен кешендерді, ағын суларды жинағыштарды, ағын сулармен суарылатын егістік жерлерді, мазарларды, мал қорымын, сондай-ақ жерүсті және жерасты суларының микробтық ластану қауіптілігіне себеп болатын басқа объектілерді орналастыруға; 5) жүктеме нормасынан асырып мал жаюға, малды суға түсіруге және санитариялық өңдеуге және су қоймасының режимін нашарлататын шаруашылық қызметтің басқа түрлеріне; 6) су көздеріндегі су кемерінен кемінде екі мың метр қашықтықта ауыл шаруашылығы екпелерін және екпе ағаштарын улы химикаттармен авиаөңдеуге және минералдық тыңайтқыштармен авиақұнарландыру тәсілін қолдануға; 7) шекті рұқсат етілетін концентрациялары белгіленбеген пестицидтерді қолдануға, тыңайт­­­қыш­тарды қардың үстіне себуге, сондай-ақ тыңайтқыш ретінде зиянсыздандырылмаған, құрамында көңі бар ағын суларды және ауыр хлорорганикалық улы химикаттарды пайдалануға тыйым салынады. Агломерация аумағын дамытуды реттеу кезінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ұшырайтын аумақтарды қорғау қажеттігін де ескеру қажет. Қала құрылысы шектеулерін айқындау Алматы агломерациясы республиканың оңтүстік-шығысындағы сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан, ал оның негізгі бөлігінің сейсмикалығы 8 және 9 балды құрайды. Агломерация аумағындағы 70-тен астам елді мекен, оның ішінде Алматы қаласы үшін әлеуетті сел қаупі бар. Сел ағынымен және су тасқынымен күрес шаралары гидротехникалық, мелиоративтік-техникалық, агроорманмелиоративтік және ұйымдастырушылық-шаруашылық іс-шаралар кешенін қамтиды. Өзендер арнасында гидротехникалық шараларды орындау және ондағы бөгеттер мен су ағызу құрылыстарын күрделі жөндеу – су тасқынынан және су қоймаларының бұзылуынан қорғайтын шаралар болып табылады. Қар көшкінінің әсеріне ұшырауы мүмкін аумақтарды қорғау үшін ерекше қауіпті учаскелердің мониторингін, көшкіндердің мәжбүрлі тасқынын және көшкіндерден қорғайтын галереялар құрылысын қамтитын көшкінге қарсы іс-шаралар айқындалды. Алматы агломерациясы аумағында ұшырасатын қауіпті физикалық-геологиялық процестерге шөгу құбылыстары, жыра-сайлардың пайда болуы, су деңгейінің көтерілуі, сортаңдану, көшкіндер, эрозия, суффозия және басқалар жатады. Осы құбылыстармен күресу үшін топырақты техникалық орнықтыруды және фитомелиорацияны, жағаны бекітетін құрылыстарды салу және еңісті жерлерді нығайтуды, аумақты сатылай жоспарлауды, гидрооқшаулауды, қарқынды физикалық-геологиялық әсерге ұшырайтын жерлерде құрылысты жүргізбеуді, сондай-ақ теріс геологиялық процестер мен құбылыстарды мониторингтеуді қамтитын кешенді инженерлік іс-шаралар ұсынылады. Агломерация аумағындағы табиғи және техногендік процестер мен тәуекелдерді басқару жүйесінің құрылымы мынадай негізгі элементтерден тұрады: 1) қоршаған ортаны мониторингтеу, халықтың тіршілік әрекетінің тәуекелін талдау және төтенше жағдайларды болжау; 2) қорғау шараларын жүргізудің орындылығы туралы шешімдерді қабылдау; 3) төтенше жағдайлар тәуекелін төмендету және ауқымын азайту бойынша алдын алу шараларына бөлінген қаражатты тиімді үлестіру; 4) төтенше жағдайлар тәуекелін төмендету және олардың салдарын азайту бойынша алдын алу іс-шараларын жүзеге асыру; 5) төтенше жағдайлар кезінде апаттан құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу. Тарихи ескерткіштер және құрылыстар орналасқан аумақтар Алматы агломерациясының шегінде көптеген мәдениет және тарих ескерткіштері орналасқан. Үлкен Алматы көлі мен Ақсай шатқалының арасындағы тау баурайы аймағында тіркелген ескерткіштердің негізгі бөлігін ерте темір дәуірінің қорғандары мен қорымдары құрайды. Тарихи ескерткіштер мен құрылыстар орналасқан аумақтарда тарих және мәдениет ескерткіштерінің жойылуына немесе зақымдануына қауіп төндіретін қазіргі кездегі қала құрылысы жобалары мен жоспарларына қажет болған жағдайда түзетулер енгізу қажет. Іске асырылуы жоспарланып отырған ірі инфрақұрылымдық жобаларға, сондай-ақ жер қойнауын өңдеуге бағытталған жобаларға мониторинг жүргізу, игерілетін аумақтарда есепке алынған тарих және мәдениет ескерткіштерінің бар-жоғын анықтау қажет. Республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін кеңейту бағытында да белгілі бір жұмыстар жүргізу қажет. Осылайша, әрбір функционалдық аймақта аумақты пайдаланудың өзіндік айрықша режимі белгіленген, жобалық жоспарды әзірлеу кезінде, сол сияқты жобалық ұсыныстарды іске асыру кезінде де оны қатаң сақтау қажет. Аумақты функционалдық аймақтарға бөлу және анықталған қала құрылысы регламенттері Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың жобалық ұсыныстарының негізі болды. 2. Қоныстандыру және өңірлік және өңіраралық маңызы бар өндіргіш күштерді, көліктік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды орналастыру жүйесін кешенді дамыту шаралары Халықты қоныстандыру жүйесін жетілдіру шаралары Алматы агломерациясы Қазақстанның қалыптасқан ең ірі қоныстану құрылымдарының бірі болып табылады. 2014 жылдың басында Алматы агломерациясы аумағында 2400 мың адам тұрды, бұл республика тұрғындарының жалпы санының 14 % құрады. Бұл ретте қала тұрғындары 1701,5 мың немесе агломерация халқының жалпы санының 71 %, ал ауыл тұрғындары 698,7 мың адам немесе 29 % құрды. Агломерация аудандарындағы халықтың табиғи өсу коэффициенттері Талғар ауданында 1000 тұрғынға 17,6 адамнан келетін болса, Іле ауданында 1000 тұрғынға 22,8 адамға дейін ауытқиды. Халықтың жас бойынша құрылымы мынадай көрсеткіштермен сипатталады: 1) 16 жасқа дейінгі балалардың үлесі 23,6 % құрады; 2) еңбекке қабілетті жастағы халықтың үлес салмағы – 68 %; 3) еңбекке қабілетті жастан асқан халықтың үлес салмағы – 8,4 %. Есептік мерзімге қарай (2030 жыл) халық санының 1101218 адамға немесе 45,9 % өсуі күтілуде, соның ішінде қала халқы 914309 адамға (53,7 %), ал ауыл халқы 186909 адамға (26,8 %) артады. Халық құрылымындағы қала тұрғындарының үлес салмағы бастапқы жылмен (2013 жыл) салыстырғанда 3,8 % артады және 74,7 % құрайды, керісінше ауыл тұрғындарының үлесі 3,8 % азаяды. Алматы агломерациясы халқы санының артуы табиғи және миграциялық өсімге байланысты. Халықтың көші-қон ағыны артқан және табиғи өсімі жалғасқан жағдайда, Алматы қаласы халық санының өсу қарқыны бойынша көшбасшылар қатарында қала береді. Елдің басқа өңірлерінен халықтың ағылуы қолданыстағы әлеуметтік, инженерлік, көліктік инфрақұрылымның, аумақтың экологиялық жағдайы мен еңбек нарығының мүмкіндіктерін ескерместен, жүйесіз сипатқа ие болады. Осыған байланысты қазіргі уақытта Алматы қаласының басты пр